Астанада «Зиянды жағдайларда жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік қолдау жүйесін өзгерту: өтемақыдан кәсіптік тәуекелдерді басқаруға дейін» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Қазіргі контексте зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған адамдарға қатысты әлеуметтік кепілдіктердің мемлекеттік тетігін трансформациялау» ғылыми-техникалық бағдарламасын (ҒТБ) іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты – өндірістегі пассивті өтемақылардан тәуекелдерді проактивті басқаруға көшуді және қызметкерлерді қорғау тетіктерін нығайтуды талқылау болды.Пікірталасқа саланың жетекші сарапшылары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Мемлекеттік аннуитеттік компаниядан (МАК) Маркетинг және корпоративті сату департаменті директорының орынбасары Наталья Горбунова негізгі баяндама жасады. Ол «Міндетті сақтандыруды жетілдіру: цифрлық шешімдер және жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерінің тұрақтылығы» тақырыбын қозғап, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды цифрландыру мүмкіндіктеріне және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік кепілдіктердің сенімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды.
«Сақтандыру рәсімдерін жетілдірумен қатар, өндірістік жарақаттанудың алдын алудың маңызы зор. Жазатайым оқиғалар жұмысшылардың денсаулығына ғана емес, кәсіпорынның қызметіне де әсер етіп, жұмыс уақытының жоғалуына, қосымша шығындарға және еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеп соқтырады», – деп атап өтті Наталья Горбунова. – Жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, қызметкерлерді оқытуға және өндірістік тәуекелдерді жоюға жауапты. Өз кезегінде, сақтандырушы сақтандыру жағдайы туындаған кезде заңнамада көзделген қаржылық қорғанысты қамтамасыз етеді. Осылайша, жарақаттанудың алдын алу мен сақтандыру бір-бірін толықтырады».
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар еңбекті қорғау және әлеуметтік қорғау саласына нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мен заманауи цифрлық құралдарды енгізу бойынша алдағы атқарылатын қадамдарды белгіледі.