18 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жұмыскерлерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кездесуге қала әкімінің орынбасары, прокуратура өкілі, сақтандыру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ жұмыс берушілер мен кәсіпорын басшылары қатысты. Негізгі спикерлердің қатарында «МАК» ӨСК» АҚ СҚО бойынша филиалының директоры Оксана Деркач сөз сөйледі.
Қатысушыларға «Жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезіндегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары мен жұмыс берушілерге міндетті сақтандыру шарттарын жасасу міндетін жүктейтін Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің ережелері түсіндірілді.
Заңнама талаптарын сақтамағаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігіне, сақтандыру шарттарын уақтылы жасасу және ұзарту қажеттігіне, сондай-ақ жұмыскердің өмірі мен денсаулығына зиян келген жағдайда оның әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге міндетті сақтандыру шарттарының бар-жоғын және олардың қолданылу мерзімін тексеру, ал шарттар болмаған жағдайда оларды заңнамада белгіленген тәртіппен жасасу ұсынылды.
Міндетті сақтандыру – өндірісте қиын жағдай орын алған кезде жұмыскер мен оның отбасының қорғалатынына кепілдік.